Ерлан Естек: Қазақ күресінде бізге тең келер қарсылас жоқ

Бүгін Астана қаласындағы «Бастау» спорт кешенінде қазақ күресінен ұлттық құрама шеберлік сабағын өткізді. Арасында Мұхит Тұрсынов, Әйбек Нұғымаров, Қасымхан Түленбай, Руслан Әбдіразақов, Александр Косачев, Бекзат Ахметбеков, Әділжан Ыстыбаев, Саят Шәмшиев сынды Еуропа, Азия және әлем чемпиондары мен әлемдік спорт шеберлері бар.


Ерлан Естек (Қазақ күресі ұлттық құрамасының бапкері):
Марат Нығматуллаев жеңіл салмақта күресетін палуанымыз. Қазақстанда өз салмағында (55 кг.) оған тең келер палуан жоқ деп есептеймін. 60 келі салмақта Қуаныш Искаков, 66 келіде Қасымхан Төленбай, 74 келіде Ғалымжан Әбдірахманов белдеседі. 82 келіде Ерсұлтан Мұзафаров, 90 келіде Ашхабадта қола жүлде алған Әділбек Ыстыбаев, 100 келіде Қазақстанның биылғы чемпионы — Александр Косачев, 100 келіден жоғары2017 жылғы «Әлем барысы» Айбек Нұғымаров, абсолютті салмақта — Айбар Сейтен бар. Жігіттердің дайындықтары жақсы, барлық салмақтан жүлде аламыз деп ойлаймын. Қазақ күресінде бізге тең келер қарсылас жоқ.



Ұлан Рысқұл (Халықаралық қазақ күресі федерациясында кеңесшісі):
28-29 қазанда «Барыс-Аренада» әлем біріншілігі өтеді. Қырық елден спортшылар келеді деп күтіліп отыр. Чемпионатта бас-аяғы отыз төреші болады, оның оны Латвия, Литва, Грузия, Армения, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Моңғолия, Қытайдан келеді. Чемпионаттың "Әлем барысынан" айырмашылығы — бұл жерде бірнеше салмақта күреседі. Ал "Әлем барысында" абсолютті салмақта ғана.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 27-29 қазан күндері Астанада Qazaq Kuresi World Championship өтеді. Чемпионатқа АҚШ, Қытай, Аустралия, Үндістан, Литва, Ресей, Бельгия, Камерун және тағы басқа 40 мемлекеттен танымал палуандар келеді. Спортшылар 8 салмақ және «Түйе палуан» атағы үшін күреседі.

Фото: Нұржас Жақсыбай
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше