Қай банктің картасын ашқан тиімді?

Бүгінгі таңда кез-келген адамның әмиянында ақша болмаса да, банк картасы табылатыны анық. Тіпті кей адамдарда бірнеше картадан жүреді. Банк карталары дебеттік және кредиттік болып бөлінеді. Аттары айтып тұрғандай, дебеттік картада шоттағы нақты сомадан артық жұмсай алмасаңыз, кредиттік картада орнатылған лимитті пайдалана аласыз. Әрине банкке лимитті пайызымен қоса қайтару керек болады.
Бүгінгі жазба жеке тұлғаларға дебеттік карта ашу туралы болмақ. Дебеттік карталар негізінен жалақы алу үшін немесе жеке мақсаттар (мысалы, ақша жіберу, төлемдер жасау) үшін ашылады. Қай банктен карта ашқан тиімді деген ой мазалап жүрсе, төмендегі сұрақтарға жауап алып, ұнаған банкті таңдаңыз.
1. Қандай құжаттар қажет?
Жалақы алу үшін карта керек болса, банктер әдетте жеке куәлік пен жұмыс орынынан анықтама талап етеді. Жеке мақсаттарға пайдаланатын карта ашу үшін куәлік жеткілікті.
2. Неше күнде дайын болады?
Банктердің бас кеңселері Алматы қаласында орналасқандықтан, аймақтарда картаны бірнеше күннен екі аптаға дейін күтуге тура келеді. Уақыт тығыз болса, көптеген банктерде экспресс-карталар (алдын-ала жасалып, банк бөлімшелерінде дайын тұратын карталар) қарастырылған. Картаны банктен өтініш берген күні алып кетесіз, бірақ картада тегіңіз бен есіміңіз көрсетілмейді.
3. Картаны ашу қанша тұрады?
Жалақы карталарын банктер тегін ашады. Жеке мақсаттарға карта ашу көбінесе ақылы болып келеді.
4. Карта бойынша қызмет көрсету құны қанша?
Қызмет көрсету құны бір жылға бекітіледі, де шоттан ұсталып отырады. Көптеген банктер жалақы карталары бойынша бірінші жылға қызмет көрсету құнын ақысыз етіп қойған. Ал екінші жылдан комиссия ұстай бастайды. Бірақ кей банктерде бірінші жыл да ақылы болуы мүмкін. Жеке карталар бойынша бірінші жыл үшін комиссияны ашарда бірден төлеп, екінші жылдан шотыңыздан ұсталып отыруы көп кездеседі. Тәжірибеде қызмет көрсету құнын ұстаудың екі түрі кең тараған: жылына бір рет ұстап қалу немесе ай сайын (жылдық соманы он екіге бөлу арқылы) шегеріп отыру.
5. Банкоматтар саны қанша?
Елімізде ақшасыз төлем жасау жүйелері әлі кең тарамағандықтан, банкоматтан жиі ақша шешу қажет болады. Банктің банкоматтары неғұрлым көп болғаны сізге ыңғайлы, банкомат іздеп қаланы шарлап жүрмейсіз.
6. Карта бойынша қандай операциялар тегін, қандай операциялар ақылы?
Банктің өз банкоматтарынан ақша шешу, сауда орындары мен интернет-дүкендерде төлем жасау тегін болып келеді. Өзге банктің банкоматтарынан ақша шешу, басқа картаға ақша аудару ақылы болуы мүмкін. Жеке картадан өз банкіңіздің банкоматынан ақша шешсеңіз де, жалақы картасына өзге адамдар жіберген аударымдардан да комиссия ұсталуы ықтимал. Өзіңіз жиі жасайтын операциялар тізімін жасап, олардың ақылы немесе тегін болатынын анықтап алыңыз.
7. Интернет-банкинг немесе мобильді қосымша бар ма?
Уақыт тапшылығы жағдайында аталған қызметтердің болуы өте маңызды. Интернет-банкингте жеке кабинет ашу немесе смартфоныңызға банк қосымшасын орнату арқылы сіз кейбір қызмет түрлеріне банкке бармай-ақ қол жеткізе аласыз. Әрине бұл жерде де тегін және ақылы қызмет түрлерін анықтап алғаныңыз жөн.
8. Қандай бонустар, жеңілдіктер бар?
Банктер серіктес компаниялармен бірігіп өз клиенттеріне алуан түрлі ынталандыру бағдарламаларын ұсынып жатады. Бонустар банкпен серіктес комапнияларда картамен төлем жасаған соң щотыңызға белгілі сома түрінде қосылады. Бонустарды жинап, банкпен серіктестер жүйесінде олармен есеп айрысуыңызға да болады. Белгілі банктің карта иелеріне тауар/қызмет құнын арзанырақ бағамен ұсыну жеңілдікке жатады. Жеңілдіктер тұрақты және науқан сипатында болуы мүмкін.
Барлық сұрақтарға жауапты банк қызметкерлерінен немесе сайттарынан алуыңызға болады. Ең бастысы, бұл ақпарат сіздің қажеттіліктеріңізге сай тиімді банк картасын таңдап, қаражатыңызды үнемдеуге көмектеседі деп үміттенем.
Бөлісу:

Ұқсас топиктер

Бұл жерде ештеңе жоқ

2 пікір

arshat
банкоматтар саны маңызды фактор сияқты. менде бұрыннан Казком картасы. соған үйреніп қалдым
Almabek
Халық Казкомды сатып алған соң, Казком картасымен Халық банкоматтарынан және керісінше комиссиясыз шешуге болатынын ескерсек, банкоматтар саны бойынша бұларға жетер банк жоқ Қазақстанда.