Кисе Курокава: Астана - көшпенділердің заманауи қаласы

1998 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астананы салу жобасы бойынша әлемдік архитекторлар арасында халықаралық байқау жариялады. Бұл байқауға Жапония, АҚШ, Австралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдерден әлемдік сәулет өнерінің шеберлері ұсынған жүздеген жобалар қатысты. Солардың ішінен 27 жоба іріктеліп, айқаудың жүлдегері Кисе Курокава атанды. Ол «Қазақ елі — көшпелілер рухын сақтаған халық. Бұл елдің астанасын тұрғызу маған сол үшін де қызық» деген екен.


Кейін Қазақстанның құрметті сәулетшісі, профессор Аманжол Чиканаев осыдан 20 жыл бұрын өткен халықаралық байқау туралы баспасөзге берген сұхбатында былай деп еске алады: «Байқауға 47 шығармашылық ұжым қатысты, жүзден тарта жобалар қарастырылды. Мен ұйымдастыру комитетінің құрамында болдым. Байқаудың финалында 3 үздік жоба таңдалды. Бірінші эскиздің авторы — әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава, екінші жоба — қазақстандық сәулетшілер, үшінші жобаның авторлары — ресейлік мамандар еді. Осы үш үздік жобаның ең мықтысын Елбасы өзі таңдады».
Кисе Курокава Елорда құрылысына өлшеусіз үлес қосқан адам. Ол өз өмір жолында 38 ұлттық және халықаралық байқауларға қатысып, соның 34-де үздік атанған. Оның жобасы бойынша 50-ден аса әртүрлі құрылыстар салынса, концепциясы мен жоспары төрт бірдей қаланың бас жобасына енгізілді. Одан бөлек, Курокава бүгінгі күні сәулет өнерінің үздік туындылары боп саналатын Амстердам қаласындағы Ван Гог мұражайы, Куала-Лумпурдың халықаралық әуежайы, Осака қаласының Ұлттық-экологиялық мұражайы, Болгариядағы «Витоша» қонақ үйі, «Сони» корпорациясының мұнарасы сияқты жобалардың авторы.

Астана сәулетінде Кисе Курокава симбиотикалық архитектура мен футуристік дизайнға баса мән берді. Сәулетші «ХХІ ғасырдың қаласы жаңа философиялық доктринаға сай салыну керек» деген тұжырымды қолдады. Бүгін де қала осы стильді жоғалтпай, қалаға ажар берген футуристік нысандармен толығуда.



Кисе Курокаваға дейін Есіл өзенінің қос жағасынан да биік ғимараттар тұрғызу жоспары болған екен. Жапон архитекторы бұл идеяға үзілді-кесілді қарсы болып: «Есіл Сарыарқа өңірінің негізі қан тамыры іспеттес, оны неге басты нысанға алып отырсыздар? Бұл жоба қабылданса 2-3 жылда өзенді құртып тынады» деген екен. Бұл жапон сәулетшісінің қаланы кеңірек қанат жайдырып, таза ауа мен жасыл белдеуге назар аударуы тиістігін білдіреді.



Кисе Курокава қаланың бас жоспарынан тыс Астананың халықаралық әуежайының сәулетіне де өз үлесін қосты. 1997 жылы Астана ресми Елорда болып танылған соң, әуежайды халықаралық стандартқа сай, техникалық деңгейі мен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелесі туындаған еді. Осыған орай, Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл жобаны қолға алу үшін жапон архитекторын арнайы шақырды. 2002 жылы әуежай терминалын қайта құру шешімі қбылданды. Нысанды модернизациялау мақсатында ірі жоба қолға алынып, 2005 жылы өз мәресіне жетті. Өткен жылы үкімет қаулысымен Астана халықаралық әуежайының атауы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» деп өзгертіліп, қаланың жаңа нышанына айналды.


Бүгін 20 жылдан соң Азиядағы ең көрікті, ең заманауи астанаға көз салып, ең ұтымды жобаны таңдаған елбасының шешіміне қуанамыз. Астана басқа болса, маған ұнар ма еді? Әй, қайдам. Мені дәл осы Астана, дәл осы келбетімен, осы мінезімен ғашық етті. Самғай бер, Астанам!
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше