EXPO-дан кейінгі өмір. Болашақта ол жерде не болады?

ЭКСПО нысандары көрме аяқталғаннан кейін бұзыла ма, әлде орнына басқа нәрселер ашыла ма? Көпшілікті алаңдататын сұрақтардың бірі осы. Ендеше ІТ саласындағылардан сүйінші сұрай беріңіз.

Астана еліміздегі үлкен ІТ орталыққа айналады. Өйткені ЭКСПО нысандарының бірі алдағы уақытта стартап және жаңа технологияларға арналған технопарк болмақ.

EXPO 2017 аумағында орналасатын жобалардың бірі Халықаралық IT-стартаптар технопаркі болмақ.

Бұл туралы биылғы жылдың қаңтарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев хабарлаған болатын.

«Үкіметке ЭКСПО-2017 нысандарының бірінде Халықаралық IT-стартаптар технопаркін құру туралы тапсырма беріп отырмын. Ол бүкіл әлемнен кәсіпкерлер мен инвесторларды тартатын платформаға айналуы тиіс», — деді Елбасы.

Осы саладағы инновациялар дамуының жергілікті анклавы ретінде IT-парк құру идеясы әлем бойынша кеңінен тараған. Мысал ретінде Калифорниядағы «Силикон алқабы», Дания мен Швециядағы «Медикон алқабы», Ұлыбританиядағы Кембридж ғылыми паркі, Ресейдегі Сколково, сондай-ақ Белоруссиядағы Жоғары тенологиялар паркін атауға болады.

Елімізде IT-орталықтың ашылуы қазақстандық ғалымдар мен кәсіпкерлердің шығармашылық әлеуетінің дамуына жағдай жасап, сонымен қатар едәуір мультипликативтік әсер бермек. Жаңа технологиялар – бұл шағын және орта бизнестің жаңа түрлері, сондай-ақ жаңа жұмыс орындары. Қарапайым қазақстандықтар IT өнімдері арқасында ақша табудың мүмкіндігіне ие болады. Еңбек нарығы да өзгермек: білікті жұмысшыларға сұраныс артады.

EXPO аумағы әлем қоғамдастығының түсінігінде болашақ технологиялармен байланыстырылатындықтан, дәл осы алаң қазақстандық инновациялық орталықтың «альма матеріне» айналады.

Көрме аяқталғаннан кейін оның аумағын дамыту туралы бағдарлама туралы Елбасыға есеп берген «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов хабарлағандай, Корпоративтік павильонның алаңы қажетті инфрақұрылымға ие. Оның айтуынша, қазақстандық стартапперлерге технологиялық жобаларды жүзеге асыру үшін ең үздік жағдай жасалған. Соның ішінде, Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) жақын орналасуының арқасында тікелей шетелдік инвестициялар түсімі және сол маңда орналасқан Nazarbaeff University арқасында кадрлар ағыны қамтамасыз етілмек.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше