Жолдаудан кейін мемлекеттік қызметте өзгерістер бола ма?

Елбасы бүгінгі жолдауында үкімет пен мемлекеттік органдардың жұмысындағы формализм мен бюрократия туралы да айтты. Бұл сөздерден кейін оң өзгеріс күтеміз бе?

Елбасының айтуынша, соңғы кездері мемлекеттік органдардың қабырғасында өтетін жиналыстар мен кеңестер көбейіп кеткен.

"Үкімет пен барлық мемлекеттік органның жұмысында бюрократия мен формализмді азайту керек. Соңғы уақытта үкімет пен мемлекеттік органдарда ұзаққа созылған жиналыстар мен кеңестер, құжат айналымы бір есеге дейін өскен. Біз сіздермен келісіп едік қой, мен тиісті жарлыққа қол қойдым. Үкіметке тек сейсенбі күні барасыңдар, таңертең отырыс, түстен кейін кездесулер. Дүйсенбі мен қабылдаймын. Бейсенбі – парламент. Әйтпесе, байқаймын, министрлер, олардың орынбасарлары, әкімдер мен орынбасарлары үнемі осы жерден шықпайды"

Сондай-ақ шенеуніктердің 100 тәулігі жиналыстармен өтетінін де айтты.

«100 тәулік бойы жиналыстарда отырасыңдар. Сендер адамдарға жұмыс істеуге мүмкіндік бермей жатырсыңдар ғой. Менің мемлекеттік қызметте тәжірибем мол. Алдын ала дайындалған отырыс жарты сағат қана өтеді. Күрделі мәселелер болса, ары кетсе бір сағатқа созылуы мүмкін. Мемлекеттік қызметкер заң бойынша жеті сағат қана істеуі керек. Түнгі он екіге дейін жұмыста отырмауы керек»

Елбасы премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың жұмысын да сынға алды. Бұл сөздерден кейін желіде «премьер орнынан кете ме?» деген әңгімелер де айтыла бастады.

«Кейде үкімет әкімдер мен олардың орынбасарларын жинап алып, бір күнде жеті жиын өткізетін күндер болады. Бақытжан, сонда сен өзің қай уақытта жұмыс істейсің? Сондықтан да біздің елде ештеңе бақыланбайды. Сендер тек отырыста отырасыңдар. Мен бекіткен тәртіпті сақтаңдар! Адамдарға жұмыс істеуге, өз ісімен айналысуға мүмкіндік беріңдер»

Осындай сын сөздерден кейін мемлекеттік қызмет жүйесінде де өзгерістер болады деп сенуге болады. Көп нәрсе электронды форматқа өтетін болса, бюрократия да, коррупция да жойыла бастайды. Мемлекеттік қызметкердің жалақысы да өссе, бұл саланың да престижі өспек.

Бөлісу:

Ұқсас топиктер

Бұл жерде ештеңе жоқ

Пікір жоқ әзірше